Ақмола облысына қарасты Жарқайың ауданы Үшқарасу ауылының 15 тұрғыны сібір жарасын жұқтырды, деп жазады inbusiness.kz kokshetau.asia порталына сілтеме жасап.
Осыған дейін 12 адам қауіпті індетті жұқтырғаны туралы хабарланған болатын. Барлық науқас Есіл қаласындағы аудандық ауруханаға жатыр.
Аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Мұхтар Томтаевтың сөзінше, науқастардың бірінің жағдайы қанағаттанарлық болса, қалғанында – орташа дәрежеде. Әсіресе 52 жастағы ер адамның жағдайы ауыр болған, алайда қазір оның беті бері қарап келеді, дейді мамандар. Барлық науқас ем қабылдап жатыр, олар инфекционист дәрігерлердің жіті бақылауында.
Бұдан бөлек 1 қыркүйектен бастап Үшқарасу ауылында карантин жарияланған.
Бүгінгі таңда қауіпті індет жұқтырудың мән-жайы анықталуда. Полиция барлық ықтимал нұсқаларды тексеріп жатыр.