Кеше павлодарлық жеке меншік футбол мектебінің тәрбиеленушілері Астана қаласындағы жарысқа қатысу үшін жолға шыққан. Алайда Ерейментаудың қасында жол-көлік оқиғасына ұшырап, қайғылы жағдай орын алды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 18 сәуір күні Астана – Ерейментау – Шідерті тас жолының 154-шақырымында "Мерседес" маркалы шағын автобустың жүргізушісі жүк көлігін басып озбақ болғанда рөлге ие бола алмай, автобус аударылған. Салонда 14-16 жас аралығындағы 16 бала мен олардың бапкері болған.
Жол-көлік оқиғасының салдарынан 1990 жылы туған бапкер оқиға орнында қайтыс болды. Ал балалар Ерейментау аудандық ауруханасына жеткізілді.
Павлодар облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, жеке меншік футбол мектебінің басшылығы кәмелеттік жасқа толмаған бір топ баланың жарысқа жолға шығатынын ескертпеген. Сол себепті патрульдік полицияның сүйемелдеуі болмаған.
"Футбол клубының тәрбиеленушілері Астанаға жалға алған жеке көлікпен шыққан. Балалардың ата-аналары олардың сайысқа баруына ватсап-чат арқылы келісім берген. Қайғылы жайттан соң оқиға орнына Павлодар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығы, құқық қорғау органдарының өкілдері барды. Балаларды облыс орталығына жеткізу үшін көлік ұйымдастырылды. Алайда ата-аналар одан бас тартып, балаларды өздері алып кетті", – деп хабарлайды Павлодар облысының әкімдігі.
Ерейментау аудандық ауруханасының дәрігерлері спортшыларды алған жарақаттарына қарай бөлімдерге орналастырып, мещициналық көмек көрсетті. Қазіргі уақытта 12 бала дәрігерлердің қарауынан соң ата-аналарымен үйлеріне жіберілді. Ал 4 бала стационарлық бақылауға алынып, ата-аналарын күтуде.
Бейресми мәлімет бойынша, балалар отырған шағын автобустың жүргізушісі рөлде ұйықтап кеткен. Ал бапкер балалардың бірін қорғау үшін денесімен жауып, қысылып қалған. Полиция өкілдері оқиғаның мән-жайын анықтауда.