Ақмола облысында Бурабай ауданы аумағындағы Кенесары су қоймасының қабырғасы опырылды. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады, деп жазады 24.kz.
Оқиға таңғы сағат 4:25 шамасында болған. Ал су қоймасы Көкшетау қаласынан шамамен 40 шақырымдай жерде орналасқандықтан, ағын су облыс орталығына келеді деген қауіп бар. Осыған орай құтқарушылар бүгін жедел жиналыс өткізді.
Мамандардың айтуынша, әзірге қалаға қаншалықты қауіп төніп тұрғаны нақты белгісіз. Бір белгілісі, аталған су қоймасынан шыққан ағын су Шағалалы және Қылшақты өзендерімен облыс орталығы арқылы өтіп, шаһар жанындағы Қопа көліне келіп құйылады.
"Аталған өзендерде судың ағысын бөгейтін ешқандай кедергілер жоқ, – дейді төтеншеліктер.
Жағдай қазір жіті бақылауда.
Кенесары су қоймасының техникалық жағдайы мүшкіл болған екен. Оны "Казводхоз" мекемесіне мамандар бірнеше мәрте ескерткен. Алайда жауаптылар, бұған құлақ аспапты.
"2017 жылдың қыркүйек айына дейін Кенесары су қоймасы иесіз болып келген. Ал одан бері облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайлануды реттеу басқармасының иелігіне өтті. Кейіннен 2018 жылы "КазВодхоз" мекемесіне берілген. Біз бұл мекемелерге бірнеше рет ескерту жасадық. Себебі су қоймасы апатты жағдайда болатын. Бірақ біздің ескертуге ешкім құлақ аспады", – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Манарбек Шапағатов.