Атбасар ауданының Сергеев ауылдық округінің әкімі жұмысына салғырт қарап, су бөгетінің (дамбы) жарылуына жол бергені үшін жауапқа тартылды, деп жазады inbusiness.kz сайты Ақмола облыстық сотына сілтеме жасап.
"Су тасқыны салдарынан зардап шеккендерге жергілікті бюджеттен 8 млн теңге төленді. Осылайша мемлекетке ірі мөлшерде залал келтірілді", – делінген сот таратқан хабарламада.
Есіл бассейндік инспекциясы мен төтенше жағдайдың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның су өткізу үшін гидротехникалық құрылысты транзиттік режимге ауыстыру туралы тапсырмалар берілген. Алайда әкім бөгеттегі судың өткізу қабілетін арттыру бойынша шара қабылдамаған.
Сот әкімді мемлекеттік қызметте лауазымды қызметтер атқару құқығын айыра отырып, пробациялық бақылау белгілеп, 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеді.