Ақмола облысында трансұлттық қылмыстық топ мүшелері сотталды

1034

Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 20 кг астам психотроптық заттарды және 1 кг шамасында есірткі құралдарын саудалаумен айналысқан құрамында Қазақстан Республикасының алты азаматы және Ресей Федерациясының бір азаматына бар трансұлттық қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.  

 Ақмола облысында трансұлттық қылмыстық топ мүшелері сотталды

Сотта анықталғандай, сотталушылар 2018-2020 жылдар аралығында Ресей Федерациясының аумағында психотроптық заттар мен есірткі құралдарын заңсыз сатып алып, оларды Қазақстанға жеткізіп отырған. Сонымен бірге олар Қазақстан аумағында аса ірі мөлшерде есірткі құралдары мен психотроптық заттарды заңсыз тасымалдаумен, сақтаумен және өткізумен айналысқан. Олардың қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде 800 миллион теңгеден астам қаржы өндіріліп, заңдастырылды.

"Сотта бес сотталушы кінәні ішінара мойындап, жазаны жеңілдетуді сұрады, екі сотталушы кінәсін мойындамады және ақтауды сұрады. Сотталғандардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, психотроптық заттар мен есірткі құралдарын зерттеу және басқа да сараптамалардың қорытындыларымен, оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен және заттай айғақтармен дәлелденді", – деді ведомстводан.

Сот үкімімен сотталушылар айыптаудың тиісті эпизодтары бойынша баптарда көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

"Сот қылмыстардың жиынтығы бойынша жасалған әрекеттердің қоғамдық қауіптілігі мен сотталушылардың жеке басын ескере отырып, барлығына нақты бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. Яғни төрт сотталушы 17 жылға, қалған үш сотталушы тиісінше 15, 10 және 9 жыл мерзім жазаға кесілді. Сонымен бірге заңсыз жолмен алынған жалпы сомасы 800 миллион теңгеден астам мүлікті тәркілеу түрінде қосымша жаза тағайындалды", – деп толықтырды Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінен. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу