Степногорск қаласының прокуратурасы халықтың әлеуметтік осал топтары бойынша тұрғын үй кезегіне талдау жүргізіп, бірқатар заң бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қалада тұрғын үй кезегінде 1 095 азамат тұрған. Тексеру барысында 2023 жылдан бері кезекте тұрған 9 қайтыс болған адам анықталды. Сонымен қатар қаладан көшіп кеткен және тұрғын үй есебінде тұруға негізі қалмаған 14 адам да кезекте тұрған.
Бұдан бөлек, меншігінде жылжымайтын мүлкі бар азаматтардың тұрғын үй кезегінде тұрғаны белгілі болды. Қабылданған шаралар нәтижесінде олар кезектегілер тізімінен шығарылды.
Прокуратура тұрғын үйге мұқтаж азаматтар көп болғанына қарамастан, ұзақ уақыт бойы бос тұрған пәтердің пайдаланылмағанын да анықтады. Прокурорлық араласудан кейін пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға бөлу үшін берілді.
Анықталған бұзушылықтар бойынша кінәлі лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.