Ақмола облысының Целиноград ауданында аудандық сот ғимараты алдында қазақ халқының төбе билеріне арналған "Үш би" естелік ескерткішінің және Ақмол ауылында Жеті жарғы көшесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
"Төле, Қазыбек және Әйтеке билеріне арналған естелік ескерткіштері осы елдімекенге келетін жұртшылықтың көзін қуантатын, жиі келетін сүйікті орынға айналады. Қазақ халқының бірігуіне және мемлекеттің тұтастығын сақтауға көп еңбек еткен қайраткерлерді өскелең ұрпақ білетін болады. "Үш би" ескерткіші даналықты және тұрақтылықты бейнелеп, мақтаныш, күш пен ерлікті сондай-ақ бірлікпен, мықты мемлекетті және әділ қоғамды айшықтап тұрады" – деді жиынға қатысқан Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров.
Аудандағы екінші маңызды оқиға – ол Жеті жарғы көшесінің ашылуы. Атау 15-19 ғасырлардағы қазақ хандығының "Жеті жарғы" заңына ескерткіш ретінде қойылған. Аталған заң Тәуке хан тұсында жеті бөлімнен құрылып, мемлекетте құқықтық қатынасты реттеген алғашқы Ата заң саналады.