Ақмола облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты полиция қызметкерлері республикалық маңызы бар автожолдарда күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
8–9 қараша күндері өңірдегі бірқатар тасжолда жазғы дөңгелекпен жабдықталған көліктердің қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Атап айтқанда, Астана – Щучинск, Астана – Шідерті – Павлодар және Көкшетау – Атбасар бағыттарында көлік қозғалысы шектелді.
Сонымен қатар ауа райы мен жол жағдайына байланысты республикалық маңызы бар жолдардың жекелеген учаскелерінде жылдамдық режимі төмендетілді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полицейлер жазғы дөңгелекпен жүрген 744-тен астам көлікті кері қайтарды.
Полиция жүргізушілерге қысқы дөңгелекке уақытылы ауысу қажеттігін бірнеше рет ескерткен. Алайда кейбір азаматтар ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қысқы маусымға дайын емес көліктермен жолға шыққан.
Ведомство жүргізушілерді сапар алдында ауа райы болжамы мен жолдардың жағдайын тексеруге, жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтауға шақырды.