27-28 ақпанда Астанада Орталық Азия елдеріндегі жаңартылатын энергия көздері тақырыбында саммит өтті. Шара аясында "ОАОЭК Green Energy" ЖШС директоры Еділ Сарыев Астана маңында салынып жатқан қуаты 100 МВт болатын "Астана EXPO-2017" жел электр станциясының құрылыс жұмыстары туралы баяндады.
Жел электр станциясы Ақмола облысының Аршалы ауданында, Қостомар қыстағының жанында бой көтеруде. Станция Vestas компаниясы өндірген әрбірінің қуаты 3,3 МВт болатын V-112 типті 30 жел генераторымен жабдықталады. Станция мұнарасының биіктігі – 84 метр болса, желдеткіш қалақтарының диаметрі – 112 метр. Жел жылдамдығының жұмыс диапазоны – 3 пен 25 м/с аралығында.
Жобаны жүзеге асыру аясында қолданылатын технологиялардың бәрі өңірдің климат жағдайына бейімделген. Өйткені, облыстағы ауа температурасы тым құбылмалы. Қыстыгүндері -45 градус суықтан жазғы мезгілде +40 градус ыстыққа дейін ауысады. Осыған байланысты, станцияның жел қалқандарындағы мұзды анықтау және төмен температурада жұмыс жасауға мүмкіндік беретін өзге де технологиялар қолданысқа енгізілуде.
Станция іске қосылғаннан кейін жел станциясы 10 мың отбасыны электр энергиясымен қамтамасыз етеді.
"Жобаны Қазақстан Республикасының ауа құрамына зиянды газ бөлінуін азайту бойынша халықаралық міндеттемелерді орындауының бір бөлігі ретінде де қарастыруға болады. Өйткені, жел станциясының екі кешенін пайдалануға бергеннен соң, зиянды қалдықтардың атмосфераға бөлінуі жылына 113 мың автокөліктің ауаға бөлетін газымен пара-пар мөлшерге төмендейді", – деп атап өтті "ОАОЭК Green Energy" ЖШС директоры Еділ Сарыев.
Қазіргі таңда жел станциясының қуаты 50 МВт бірінші кешенінің құрылыс жұмыстары аяқталуда. Құрылыс жұмыстарына 300 адам мен 130 ауыр техника жұмылдырылған.
Станцияның бірінші кешені биылғы жылдың ортасында іске қосылады деп жоспарлануда. Ал екінші кезегі 2020 жылы пайдалануға беріледі.