Ақмола облысында көпбалалы жəне аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге жергілікті кәсіпкерлер де атсалыспақ. Қазірдің өзінде өңірдегі 5-6 кəсіпорын бас-аяғы 40 отбасыға қамқорлық көрсететінін жеткізді, деп хабарлайды 24.kz.
Олар облыстық əкімдікпен осындай меморандумға қол қойған. 40 үйдің алғашқы 13-ін бизнес өкілдері биыл сатып алып бермек.
"Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында "Туған жер" арнайы жобасының шеңберінде Ақмола облысының меценаттары да өз үлестерін қосып жатыр. Мәселен, осы бағдарлама аясында бір ғана Сандықтау ауданында 10 пәтер беріліп, 2019 жылы жаңағы аз қамтылған отбасыларына, одан қалды жеке шаруашылықтар өздерінің қызметкерлеріне осы жылы 3 пәтер сыйға беруді жоспарлап отыр",– дейді облыстық ішкі саясат басқармасы арнайы бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Күнім Жұманова.