Ақмола облысында жол апатынан екі және үш жасар қыздар көз жұмды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Ақмола облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бірінші жол апаты Нұр-Сұлтан – Петропавл тас жолының 261-шақырымында болған.
"Chevrolet Cobalt көлігінің 34 жастағы жүргізушісі Щучинсктен Көкшетауға қарай келе жатып, рөлге ие бола алмай қалған. Салдарынан ол бөренеге соғылған. Жол апатынан 2019 жылы туған қыз мерт болды, жүргізуші мен 4 жолаушы зардап шекті. Олардың арасында 2 жасар және 8 жастағы бала бар", – деп жазылған хабарламада.
Екінші жол апаты Целиноград ауданында тіркелді. Онда 2 жасар бала каза болды.
"Нұр-Сұлтан – Ерейментау – Шідерті тас жолының 63-шақырымында 3 көлік соқтығысқан. Toyota Lucida көлігінің 36 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жыраға аударылған. Көмек көрсетемін деп тоқтаған Toyota Alphard-қа Toyota Camry көлігі соғылған. Оны 46 жастағы Павлодар тұрғыны тізгіндеген. Жол апаты салдарынан 3 көліктің жүргізушісі зардап шекті. Toyota Camry-де болған кішкентай қыз жедел жәрдем көлігінде көз жұмды", – деп жазылған хабарламада.
Полиция жүргізушілерді ауа райының қолайсыздығына байланысты жарияланған ескертулерге және жолдардың жабылғаны жайлы хабарламаларға назар аударуға шақырады.