Туристік әлеуеті қарқынды дамып келе жатқан өңірде жол-көлік оқиғаларының артуы байқалуына байланысты шара дәл осы ауданда өткізілді. Сонымен қатар, алдағы ұзақ демалыс кезеңінде көлік қозғалысының ұлғаюы да ескерілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шара аясында "Жол қателерді кешірмейді" ұранымен автошеру ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – тұрғындардың назарын жол қауіпсіздігі мәселелеріне аудару, адам өмірінің құндылығын және жол қозғалысына қатысушылардың жеке жауапкершілігін арттыру. Автокөлік колоннасы өңір жолдарымен шамамен 200 шақырымды жүріп өтті. Шеруге қызметтік көліктермен қатар, жол ережелерін бұзудың салдарын айқын көрсететін апатқа ұшыраған автокөлік те тартылды. Сонымен бірге өрт сөндіру және жедел жәрдем қызметтерінің техникалары қатысып, төтенше жағдайларда жедел әрекет етудің маңыздылығын көрсетті.

Акция барысында процессинг орталығының мамандары азаматтарға көлік құралдарын тіркеу және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін алу мәселелері бойынша кеңес берді.
Шара Ақмола облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Аслан Қызбикеновтың төрағалығымен өтті. Оған облыс прокурорының орынбасары Марат Бақытбекұлы және әділет кеңесшісі Ақыл Қарпықбаев қатысты.
Жастармен жұмысқа ерекше көңіл бөлінді. Жазғы демалыс қарсаңында полиция қызметкерлері жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндірді. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың салдары, интернет-алаяқтық пен дроппинг мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оқушыларға ІІМ жүйесіндегі бейінді оқу орындарына түсу мүмкіндіктері де таныстырылды.

Іс-шара соңында Ақмола облысы полиция департаменті бастығының атынан Зеренді ауданының 13 тұрғыны белсенді азаматтық ұстанымы және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін марапатталды.
ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ержан Қошқарбаевтың айтуынша:
"Акцияның басты мақсаты – халықтың құқықтық мәдениетін арттыру және азаматтардың өзекті мәселелеріне жедел әрекет ету. Өтініштерді жан-жақты қарастыру үшін басқа да құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері тартылды. "Жолдағы қабылдау" акциясы Зеренді ауданы тұрғындарының барынша көп бөлігін қамтып, оларға қажетті құқықтық көмек көрсетуге мүмкіндік берді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да облыстың өзге аудандарында жалғасын табады".

Жалпы, аталған акция халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және жолдардағы қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға бағытталған маңызды бастама болды.