Ақмола облысы аумағында жолда қалған Өзбекстан Республикасының 43 азаматы құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның дерегі бойынша, ақпанның 5-де Біржан сал аудандық полиция бөліміне "Астана-Петропавл" тас жолының 164 шақырымында, яғни, Қаратал және Қоғам ауылы арасында жолаушылар автобусының істен шыққаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына құтқару қызметі және полиция қызметкерлері жіберілген.
"Анықталғандай "Сарыағаш-Екатеринбург" бағытындағы автобуста Өзбекстан Республикасының 43 азаматы болды. Істен шыққан автобустағы жолаушылардың барлығы Қоғам ауылындағы орта мектепке жайғастырылып, ыстық тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етілді",– деп көрсетілген ПД баспасөз хабарламасында.