Ақмола облысында жүздеген жылқының неден қырылғаны анықталды

494

Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайыржан Байжанов, Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары Ерлан Ілиясов және бірқатар сала мамандары аудандарға барды.

Ақмола облысында жүздеген жылқының неден қырылғаны анықталды Фото: gov.kz

Ауа райының қолайсыздығы мен жайылым жерлерінің қатқақ болуынан Біржан сал учаскесінде (Мамай ауылы) жылқылардың тебіндеуі қиындап, ең жас және кәрі малдар қырылып қалған, деп жазады inbusiness.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап

Жергілікті атқарушы органдардың дерегінше, ауылда 1116 бас жылқы өлімі тіркелген.

Халықтың негізгі бөлігі жануарларды өз қораларында күтіп-бағады. Жайылымда тек қана иесі қалада және басқа елді мекенде тұратын, сондай-ақ өз малын азықпен қамтамасыз етпеген тұрғындардың малы қалған.

Жалғызқарағай ауылында (Ақкөл ауданы) тұрғындардың 1 220 бас, "Асхат" ШҚ 290 бас жылқы бар. Көтерем болған және аяқтарының мұз қабығынан жарақаттануынан жайылымдағы жылқыларды елдімекенге жеткізу мүмкін болмаған.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, 55 бас жылқы өлген.

Қарабұлақ (Степногор ауданы) ауылында 4 276 бас жылқы есепте тұр. Мұнда да жағдай өзге аудандармен ұқсас.

Жалпы Степногор ауданында - 14 375 бас жылқы малы бар. Қыстың басынан бүгінгі күнге дейін Степногорск өңірі бойынша 42 бас жылқы шығынға ұшыраған.

Мамандар аудандарды аралау барысында 13 бас малдың өлімін тіркеді. Жылқылардың қыс мезгілінде қырылуына иелерінің малдарды фермаларда ұстамауынан және қажетті мөлшерде жемшөп дайындамай, ашығуы себеп болған.

Қабылданатын шаралар:

  • Жеке қосалқы шаруашылықтардағы 73,5 мың бас жылқы қораға ауыстырылды;
  • Күндізгі жайылымға тебіндеуге 71,8 мың бас жылқы жіберіледі (түнгі уақытта тиісті азықтандыруы бар қораларға айдалады);
  • Облыс әкімі орынбасарының басшылығымен Жедел штаб жұмыс істейді;
  •  Жергілікті жерлерде мал басын жеммен қамтамасыз ету бойынша шара қабылданады (шөп, сондай-ақ жемдік астық қосымша әкелінеді), кейіннен қолдағы малға жеткізілген жемшөп қалдықтарына ревизия жүргізіледі;
  • Жайылымды қамтамасыз ету үшін қар жамылғысының үстіңгі қабатын қопсыту жұмысы жүргізіледі.

Жалпы, Ақмола облысы ветеринария басқармасының мәліметі бойынша, 2023 жылдың желтоқсанынан бастап қазіргі уақытқа дейін 117 бас жылқының өлімі тіркелген.

Оның ішінде тек 27 бас жылқы ғана жергілікті жерде ветеринариялық есепке алынған. Қалған жылқылар нақты тіркеуде жоқ, иелерінің кім екені белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу