Өңірдің ТЖД бөлімшелері төтенше жағдайлар орын алған 25 жерге шұғыл жеткен. Оның ішінде өрт – 10, авариялық-құтқару жұмыстары – 5, жану жағдайлары – 9, басқа да жағдайлар – 1.
"31 желтоқсан күні сағат 01:31-де Ақсу кентінде өрт шықты. Өртті жою барысында 2 адамның денесі табылды. Алдын ала мәліметтер бойынша жалынның шығу себебі – темекі шегу кезіндегі абайсыздық.
3 қаңтар күні сағат 23:45-те Атбасар қаласында 100 шаршы метр аумақта жеке үйден өрт шықты. 3 адам зардап шекті. Өрттің алдын ала себебі анықталды: электр сымдарының қысқа тұйықталуы", - деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Қасым.
Бұдан бөлек 2 қаңтар күні сағат 18:45-те Көкшетауда "Сауда Пласт" ЖШС аумағының шығыс өнеркәсіп аймағында пластикалық материалдарды сақтауға арналған үй-жай өртенген. 260 шаршы метр аумақты қызыл жалын шарпыған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Ақпаратқа сәйкес, қолайсыз ауа райына байланысты 3 қаңтардан бастап Аршалы, Зеренді, Қорғалжын, Астрахан аудандарында ТКШ нысандарындағы апаттар туралы 9 хабарлама келіп түскен.
"Аршалы ауданына қарасты Қостомар, Берсуат елдімекендерінде электрмен жабдықтаудың болмауына байланысты су жоқ. Жергілікті атқару органдарының күштерімен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде", – деді спикер.