Ақмола облысы Атбасар ауданына қарасты Мариновка ауылында ірі қара малдан бруцеллез тіркеліп жатыр, деп жазады inbusiness.kz.
Атбасар ауданының әкімдігі 24 бас ірі қара малдан бруцеллез шыққанын хабарлады.
"Атбасар аудандық бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынысы негізінде Атбасар ауданының Мариновка ауылдық округі Мариновка ауылы аумағында ірі қара мал арасында бруцеллездің таралуына байланысты шектеу шаралары бекітілді. Бүгінде 24 бас ірі қара малдан бруцеллез тіркелді", - делінген хабарламада.
Былтыр аталған ауылдық округке қарасты Бейіс ауылында бруцеллездің анықталуына байланысты карантиндік іс-шаралар жүргізілді.
Осыған дейін "Ашық НҚА" порталында ірі қара малдың арасында бруцеллез ауруының пайда болуына байланысты Мариновка ауылы аумағында шектеу іс-шараларын белгілеу туралы ауылдық округ әкімінің шешімі көпшілік талқылауға ұсынылған болатын.