Ақмола облысында соңғы жылдары пайдаланылмай бос жатқан 980 мың гектарға жуық жер анықталды, деп хабарлайды 24.kz.
Олардың басым бөлігі – шаруа қожалықтары мен серіктестіктердің ұзақ мерзімге жалға алған телімдері. Атап айтсақ, жайылымдар және шабындықтар. Бүгінге дейін аталған жер телімдерінің 133 мың гектардан астамы мемлекет меншігіне қайтарылды. Қалғандарының біразына ескерту жасалса, көпшілігінің ісі құзырлы органдарға жіберілген. Кейбірі тексерістерден кейін жерді игере бастапты.
Жалпы Ақмола облысында 10 млн гектардан астам ауылшаруашылық мақсатындағы жер бар. Тексеріс барысында облыс көлемінде құрылысқа деп берілген 585 гектар жер телімі де анықталған. Оларды мемлекет меншігіне қайтару бойынша қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр.
"Тексеру барысында жер учаскелерінің мақсатына сай пайдаланылмай жатқаны анықталса, ҚР Жер кодексінің 94-бабына сәйкес 1 жылға дейін ескертпе ұсынылады. Және басқа аудандар бойынша жұмыстар жүргізілу үстінде", - дейді облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының бөлім жетекшісі Нұрболат Бөкен.