Ақмола облысында боранның салдарынан Зеренді ауданындағы бірнеше елді мекеннің тұрғындары соңғы тәуліктер өз ауылдарынан шыға алмай отыр, деп хабарлайды 24.kz.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қарды тазалап, жолды ашып болғанша, басқа жағы жабылып қалады.
"Біз қарды тазалап үлгере алмай жатырмыз. Кеше ғана ашқан жеріміз, бүгін қайтадан жабылып қалды. Қар тазалау жұмысына жергілікті кәсіпкерлердің де техникасын тартамыз", – дейді Қызылегіс ауылдық округінің әкімі Серік Сағадиев.
Қазір Зеренді ауданына қарасты Қызылегіс, Көктерек, Ортағаш елдімекендерінің аудан орталығымен байланысы үзілген. Дегенмен жергілікті билік ол ауылдардың жолдарын тезірек ашуға бар күшін жұмсап жатыр.
Ал 3-4 күн бойы жарықсыз және жолсыз отырған Қарашілік ауылындағы ахуал қайта қалыпқа келген. Қазір бұл елді мекеннің тұрғындары аудан орталығына Кіші түкті ауылы арқылы қатынай алады.
Айта кетейік, жолы жабылып қалған ауылдардың тұрғындарына жергілікті әкімдік қолдан келгенше көмек көрсетіп жатыр. Мәселен 4 сәуір күні Қызылегіс ауылында 1965 жылы туған әйелге жедел медициналық көмек керек болған соң, ауылға жете алмаған "жедел жәрдем" көлігіне дейін құтқарушылардың арнайы техникасымен жеткізілген.