Ақмола облысының прокуратурасы "Ашық есік күнін" өткізді

227

Облыс прокуратурасы Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттері мен №21 орта мектеп-лицейінің 11-сынып оқушылары үшін "Ашық есік күнін" өткізді.  

Ақмола облысының прокуратурасы "Ашық есік күнін" өткізді Фото: Ақмола облыстық прокуратурасы

Іс-шара барысында прокурорлар қатысушыларға олардың құқықтары мен қолданыстағы заңнаманың жекелеген нормаларын түсіндіріп, нақты құқықтық жағдайларды қарастырды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Оқушылар мен студенттерге прокуратура органдарының қызметі және қызметке орналасу тәртібі туралы бейнеролик көрсетілді. Құқық бұзушылықтардың профилактикасына қатысты заңнама талаптары, №19 нормативтік қаулы және №38 нормативтік қаулы талаптары түсіндірілді.

Сонымен қатар прокуратура ғимараты бойынша экскурсия ұйымдастырылып, музейге бару барысында қонақтар прокуратура органдарының құрылу тарихымен және олардың қалыптасуының негізгі кезеңдерімен танысты.

Іс-шара жыл сайын өткізіліп келеді және құқықтық мемлекетті нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған бастаманың бір бөлігіне айналды.

Облыс прокурорының көмекшісі Әділ Қайырбеков "Ашық есік күні" студенттерге прокуратура органдарының қызметімен, қызмет өткеру және жұмысқа орналасу талаптарымен кеңірек әрі жан-жақты танысуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

"Бүгінде сіздердің көпшілігіңіз алдағы кәсіби жолдарыңызды айқындайтын маңызды таңдау алдында тұрсыздар. Болашақ заңгер үшін сапалы білім алып қана қоймай, қоғам мен мемлекетке нақты пайда әкелетін мамандықты таңдау аса маңызды.Осындай бағыттардың бірі – Қазақстан Республикасының прокуратура органдарындағы қызмет", – деп қосты ол.

Іс-шара соңында қызметкерлер тыңдаушыларға оқуда табыс, өз күштеріне сенімділік және болашақ мамандықтарын дұрыс таңдауға тілектестік білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу