2024-2025 жылдары заңдылықтың сақталуына жүргізілген талдау нәтижесінде облыс прокуратурасы мүгедектігі бар адамдардың жеке табыс салығын ұстау кезінде олардың құқықтары бұзылғанын анықтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
ҚР Конституциясы барлық азаматтардың теңдігіне және кемсітушілікке жол берілмейтініне кепілдік береді.
Осы қағидатты іске асыру мақсатында салық заңнамасында I, II және III топтағы мүгедектігі бар адамдар жылдық табысы айлық есептік көрсеткіштің 882 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда жеке табыс салығын төлеуден босатылады.
"Прокурорлық ден қою шараларының нәтижесінде 344 мүгедектігі бар азаматтың құқықтары қалпына келтіріліп, оларға заңсыз ұсталған 12,8 млн теңгеден астам сома қайтарылды", – делінген хабарламада.
Облыс прокуратурасы әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтардың құқықтарын қорғау – қадағалау қызметінің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтеді. Бұл бағыттағы заңбұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмысы жалғасатын болады.