24 тоннаға жуық алкогольді сатпақ болған Ақмола облысының тұрғыны сотталды, деп жазады inbusiness.kz Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Агенттіктің Ақмола облысы бойынша департаменті алкоголь өнімдерін өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, сондай-ақ заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Оқиға болған жерді қарау кезінде автокөлік тіркемесінен спирті бар сұйықтық толтырылған әрқайсысының көлемі 1000 литр болатын 24 пластик ыдыс табылды", - деп хабарлады ҚМА баспасөз қызметі.
Ақпаратқа сәйкес, құрамында спирті бар тәркіленген сұйықтықтың жалпы құны 27,5 миллион теңгеден асады.
"Сот үкімімен А.Т. Батжановтың қылмыстық жолмен табылған мүлкі тәркіленіп, оған 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды", - деп жазылған хабарламада.