Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерде тараған Көкшетау қаласындағы бірнеше мектепке шабуыл жасалатыны туралы ақпараттың жалған екенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Чаттарда тараған скриншоттарға сәйкес, Көкшетауда бірнеше мектепке бір мезетте шабуыл дайындалып, белгісіз адамдар оқушыларға қоқан-лоқы көрсеткені туралы ақпарат тараған. Осы хабарламадан кейін ата-аналар алаңдап, балаларын сабақтан алып кетуге ниет білдірген.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, әлеуметтік желілерде тараған бұл мәлімет бойынша полиция тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
"Алғашқы тексеру барысында бұл деректер расталған жоқ. Таратылған ақпарат фейк болып шықты және шындыққа жанаспайды. Қазіргі уақытта қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қабылданды", – делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері жалған хабарламаның авторларын анықтау бойынша кешенді шаралар жүргізіп жатыр. Ведомствоның мәліметінше, жағдай Полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында.
Полиция азаматтарды сабыр сақтауға, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге, сондай-ақ тексерілмеген хабарламаларды таратпауға шақырды.