Ақмола облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылатын жобаларды іске асыру жалғасып жатыр. Бүгінде жоспарланған 42 жобаның 35-і аяқталып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олардың қатарында 2 спорт кешені, 22 сумен жабдықтау нысаны және 11 денсаулық сақтау нысаны бар.
Солардың бірі – Көкшетау қаласындағы жаңа көпфункционалды "Kokshe Arena" спорт кешені. Нысанда жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында республикалық спартакиаданың ашылу салтанаты өтті.
Заманауи кешенде бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфит залдары, сондай-ақ 650 орындық көпфункционалды зал қарастырылған. Нысан бір мезгілде 1 мыңнан астам адамды қабылдай алады.
Жаңа спорт кешенінің іске қосылуы өңірде спортты дамытуға, республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге және салауатты өмір салтын насихаттауға мүмкіндік береді.
Ақмола облысының прокуроры Руфат Құттықов қайтарылған активтер есебінен салынып жатқан барлық нысандар прокуратураның тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Басты назар құрылыс сапасына, жұмыстардың уақытылы аяқталуына және мемлекеттік қаражаттың тиімді пайдаланылуына бағытталған.