Ақмолада көктемгі егіс науқаны мәресіне жетті

108

Бұл нәтижеге дер кезінде жүргізілген дайындық жұмыстары, мемлекеттік қолдау шаралары және аграршылардың үйлесімді еңбегі арқасында қол жеткізілді.

Ақмолада көктемгі егіс науқаны мәресіне жетті Фото: gov.kz

Ақмола облысында көктемгі егіс науқаны сәтті аяқталды. Өңір еліміздің солтүстік облыстары арасында алғашқылардың бірі болып дала жұмыстарын толық аяқтап, жаңа ауыл шаруашылығы маусымына сенімді қадам басты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл өңірдегі жалпы егіс алқабы 77 мың гектарға ұлғайып, 5,6 миллион гектарды құрады. Сонымен қатар егіс құрылымын әртараптандыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Соңғы үш жылда майлы дақылдардың көлемі алты есеге өсіп, 715 мың гектардан асты. Мал азықтық дақылдар 166,5 мың гектар жерге орналастырылса, 10 мың гектардан астам алқапқа картоп пен көкөніс егілді.

Өңірде егіс науқанына дайындық жұмыстары алдын ала жүргізіліп, барлық қажетті ресурстар уақытылы қамтамасыз етілді.

"Егіс науқанының табысты өтуіне материалдық-техникалық базаның жүз пайыз дайын болуы ықпал етті. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тұқым материалдарымен және жеңілдетілген дизель отынымен толық қамтамасыз етілді. Топырақ құнарлылығын арттыру мақсатында аграршылар 330 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізді. Сонымен қатар өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдары өсімдіктерді қорғау құралдарымен толық қамтылды", – деп атап өтті басқарма басшысы Нұрбек Бадырақов.

Ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында биыл жеңілдетілген несиелеу мен субсидиялау аясында 235 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде "Кең Дала – 2" бағдарламасы бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 840 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 122 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылды.

Сонымен қатар өңірде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері шаруалар 789 жаңа техника сатып алды. Ал отандық өндірістегі техниканы жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы арқылы "ҚазАгроҚаржы" АҚ көмегімен 610 техника сатып алу жөнінде келісімдер жасалды.

Аграршыларға қосымша қолдау көрсету мақсатында "Азық-түлік корпорациясы" ҰК" АҚ жүзеге асыратын форвардтық сатып алу бағдарламасы да тиімді жұмыс істеп жатыр. Биыл жалпы құны 4,2 миллиард теңге болатын келісімшарттар 38 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен жасалды. Қазіргі таңда жалпы сомасы 3,3 миллиард теңге болатын 55 өтінім қаржыландырылған. Бұл 59 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін жеткізуге мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, егіс науқанының агротехникалық талаптарға сай және қолайлы мерзімде аяқталуы болашақ өнімнің сапасы мен көлеміне оң әсер етеді. Сондай-ақ бұл өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға және ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға берік негіз қалайды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу