Ақмолада негізгі капиталға салынған инвестия көлемі 203 миллиард теңгеге жетті

767

Ақмолада негізгі капиталға салынған инвестия көлемі 203 миллиард теңгеге жетті

Ақмола облысында биылғы жылдың 9 айында негізгі капиталға салынған инвестия көлемі 203 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары Расул Ерғалиевке сілтеме жасап.

"2018 жылдың 1 қарашасында Ақмола облысы тұрғындарының саны 740 мың адамды немесе республика халқының 4 пайызын құрады. Жыл басынан есептегенде өңірдегі халық саны 2 мың адамға артты", - дейді Расул Ерғалиев.

Оның айтуынша, есептік кезеңде бір жұмысшының номинальды айлығы (шағын кәсіпорындарды есепке алмағанда) 118 мың теңге немесе былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызды құрады. Салыстыру үшін ақмолалықтардан төмен еңбекақы алатындар Алматы облысы, Шымкент қаласы (114 мың теңгеден), Солтүстік Қазақстан облысы (109 мың теңге), Жамбыл облысы (104 мың теңге), Түркістан облысы (102 мың теңге).

Жан басына шаққанда күнкөрістің ең төменгі деңгейі биылғы жылдың қазан айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға өсіп, 27 мың теңгеден астам болды.

"Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2018 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 463 миллиард теңге, өнеркәсіп өнімдерінің индексі 103,8 пайыз болды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі биылғы жылдың 9 айында 337 миллиард теңге, бөлшек сауда айналымы 184 миллиард теңге және көтерме сауда айналымы 266 миллиард теңгені құрап отыр.

Ал, сауда-саттыққа келетін болсақ, 2018 жылдың қаңтар-тамыз айларында Ақмола облысы мен ЕАЭО арасында 272 миллион АҚШ долларының саудасы жасалған. Оның ішінде 71 миллион АҚШ доллары экспорт, 201 миллион АҚШ доллары импорт үлесінде", - деп толықтырды Расул Ерғалиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу