Ақмола облысында тасқын судың алдын алуға қосымша 365 млн теңге қарастырылған. Бұл туралы облыстық ТЖД басшысы Алексей Советов мәлімдеді, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазірдің өзінде аймақта 23 мың тонна инертті материал, 102 мың қапшық, 268 тонна жанар-жағармай мен 16 тоннадан астам азық-түлік әзірленіп қойған.
Алексей Советовтың айтуынша, қазір өңірдің су қоймалары қатаң бақылауға алынған. Бүгінде мұз жару жұмысы жүргізіліп жатыр. Ал қар биыл, әсіресе, Аршалы, Астрахан, Ерейментау, Қорғалжын және Целиноград аудандарында жылдағыдан 1,2-ден 1,6 есеге дейін көп.
Аймақтағы қауіпті деген Есіл, Жабай, Нұра, Колутон өзендеріндегі мұз сәуір айының басында ери бастайды деген болжам бар. Жалпы биыл аймақта 119 елдімекенді су басуы мүмкін деген қауіп бар. Онда 23 мың адам тұрады. Мамандардың айтуынша, қазір апатты болдырмау үшін барлық алдын алу шаралары жасалып жатыр.