Ақмолада жиналған бидайдың 70%-ы Hi-Pro санатына жатады

218

Ақмола облысында биылғы егін жинау науқаны кезінде 5,2 млн тонна астық бастырылды. Өңір диқандары өнім көлемімен қатар, астықтың сапасын да арттырған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ақмолада жиналған бидайдың 70%-ы Hi-Pro санатына жатады Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Бұланды ауданындағы "Даниловское и К" ЖШС алқаптарында облыс әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен шетелдік делегация өкілдерімен кездесу өтті. Нидерланд, Польша, Латвия, Эстония және Солтүстік Македониядан келген қонақтарға өңірдің ауыл шаруашылығы мен экспорттық мүмкіндіктері таныстырылды.

Нан қабылдау кәсіпорындарына өткізілген астықтың 86%-дан астамы 3-сыныпқа жатқызылған. Ал ақуызы жоғары Hi-Pro санатындағы бидайдың үлесі 70%-ға жетті.

Марат Ахметжановтың айтуынша, мұндай нәтижеге күрделі климаттық жағдайларға қарамастан мемлекеттік қолдау, заманауи агротехнологиялар мен цифрландырудың арқасында қол жеткізілген.

"Биыл ауа райының күрделі жағдайларына қарамастан жақсы өнім алып отырмыз. Астықтың басым бөлігі – тауарлық өнім, оның Hi-Pro көрсеткіштері жоғары. Біз жыл сайын 3,5 млн тоннадан астам тауарлық астық экспорттаймыз. Ендігі мақсат – терең өңдеуді дамыту", – деді облыс әкімі.

Қазір өңірде астық пен майлы дақылдарды терең өңдеуге бағытталған екі ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Аршалы ауданында жылына 1 млн тонна бидай өңдейтін кешен, ал Көкшетауда май экстракциялық зауыт салынуда.

Өткен жылдардағы астық қалдығын есепке алғанда, 2026 жылдың қорытындысы бойынша облыстан 4 млн тоннаға дейін астық және 500 мың тоннаға дейін майлы дақыл тұқымы экспортталуы мүмкін. Ақмолалық өнім Еуропаның бірқатар елдеріне жеткізіледі. Сонымен бірге Норвегия, Алжир және Марокко сияқты жаңа нарықтарға шығу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Шетелдік делегация өкілдері өңірдің аграрлық секторындағы даму қарқынына назар аударды. Нидерланд Елшілігінің ауыл шаруашылығы жөніндегі кеңесшісі Ари Велдхаузен халықаралық нарыққа шығуда өнім сапасы мен қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын атап өтті.

Соңғы үш жылда Ақмола облысының агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға 707 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған. Биылдың өзінде 51,6 млрд теңгеге 941 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

Өңірдегі астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы 7,3 млн тоннаға жетеді. Бұл жиналған өнімді толық сақтауға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу