"Ұлыбританиядағы егін жинау жұмысына орналасуға көмектесемін" деп уәде берген алаяқтарға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қызметтік мәртебесін пайдаланған жұмыспен қамту орталығының екі қызметкері құжаттарды ресімдеуге және виза алуға көмектесуге уәде берген. Олар консультациялар өткізіп, шарттар жасап, бүкіл схеманы әзірлеген.
2022 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін алаяқтарға 76 адам 31 миллион теңгеден астам ақша салған. Олардың ешқайсысы да аталған жұмысқа ие болмаған.
"Сот айыпталушыларды 76 жағдай бойынша кінәлі деп тауып, 4 жылға бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ, жұмыспен қамтуға байланысты кез келген мемлекеттік немесе жеке мекемелерде үш жылға дейін қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасын тағайындады", – делінген сот хабарламасында.
66 адамға алаяқтар алынған ақшаны қайтаратын болды.