Ақмола облысының Щучье қалалық мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Сұлухан Амангелді ақылды аялдама жобасын әзірледі. Қала басшылығы бұл жобаны іс жүзінде жүзеге асырмақшы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты KAZINFORM агенттігіне сілтеме жасап.
Ұстаздарының айтуынша, Сұлухан бұл жобаны әзірлеуді бір жарым жыл бұрын бастаған.
"Қаламызда халық санының артуы, жеке көліктердің және автобустардың көбеюі тұрғындардың қатынап тұруына ыңғайсыздық туғызуда. Бұған қаламыздағы аялдамалардың жайсыздығы да кері әсер етіп отыр. Осы мәселені шешу үшін оқушымыз Сұлухан Амангелді ақылды аялдама жобасын әзірледі. Ол бұл жобамен 1, 5 жыл айналысты. Жобада көрсетілгендей, ақылы аялдама жолаушыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймады, қоғамдық көлікті күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді", - дейді жоба жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Әсел Габдуллина.
Оқушы жобаны қолға алмас бұрын шет елдердің тәжірибесін зерттеген.
"Бұндай аялдамалар АҚШ, Нидерланды елдерінде қарқынды дамып келе жатыр. Бізде оны жерілікті ауа райына бейімдеу ғана қажет. Аялдамада сенсорлы автобустар картасы, автобустарды бақылайтын GPS датчиктер, автобус күту кезінде уақытты тиімді пайдалану үшін онлайн кітаптар ұсынылған. Кофе машина, телефон қуаттағыш розеткалар, бейне-камералар және автоматты түрде қосылатын кондиционер болады. Бұның барлығы кіші биснеске де үлкен көмек. Қаржылық жағынан өзін-өзі ақтайды. Сонымен бірге жоба мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктерін ескереді, бұл оның әлеуметтік маңыздылығын көрсетеді", - деп түсіндірді оқушы.