Күн суықта көлікте отырған Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Республикасының азаматтарына Ақмола облысының полиция қызметкерлері мен құтқарушылары көмек көрсетті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Шымкент қаласына бағыт алған автобусты жол бойындағы кезекшілік кезінде патрульдік полиция батальоны 2-взводының инспекторлары байқайды. Азат Ысқақов пен Айқын Бейсенбаев көліктің тоқтап қалуына қозғалтқыштың істен шыққанын анықтайды.
Автобус ішінде оннан астам жолаушы болған. Ауа температурасының нөлден төмен болуына байланысты полицейлер жедел түрде төтенше жағдайлар қызметіне хабар берген.
Құтқарушылар жеткенге дейін тәртіп сақшылары жолдың аталған бөлігінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етір, шұғыл қызмет келген соң жолаушылар Макинка ауылындағы жылыту пунктіне жеткізілді.
Сонымен қатар жауапты мекемелердің үйлестіруімен техникалық ақауы бар автобус арнайы техника көмегімен эвакуацияланды.
Құқық қорғау органдары жүргізушілерді, әсіресе жолаушылар тасымалымен айналысатын азаматтарды алыс жолға шығар алдында көлік құралдарының техникалық жағдайын мұқият тексеруге шақырады.