Ақордада халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесу өтті

750

Ақордада халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесу өтті Фото: inform.kz

Қазақстан сыртқы саясатта бейбіт әрі көпвекторлы бағытты ұстануын жалғастыра береді. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесу барысында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Қазақстан бүгін әлемнің 184 мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатып, 57  елшілігі мен тұрақты өкілдігін өз елордасында ашты. Бізде шетелдің 98 елшілігі мен халықаралық ұйымдардың өкілдігі бар. Еліміз сыртқы саясатта бейбіт әрі көпвекторлы бағытты ұстануын жалғастыра беретін болады", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Қазақстан Ресей Федерациясымен достық қатынастарын екіжақты форматта және Еуразиялық экономикалық одақ аясында дамытып келе жатқанын айтты.

"Жақында Петропавл қаласында Ресей президенті Владимир Путинмен бірге өңіраралық ынтымақтастығымыздың 15-ші форумын табысты өткіздік. ҚХР-мен өзара сенімге және сыйластыққа негізделген жан-жақты стратегиялық серіктестігіміз тұрақты дамып келеді. Қазақстан өз тарапынан барлық шараны қолданатын болады. Бейжіңге 7-8 маусымдағы мемлекеттік сапарым екі ел арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге тың серпін берді деп санаймын", - деді мемлекет басшысы.

ҚР президенті осы жылдың қаңтар айындағы Вашингтонға жасаған ресми сапары және президент Дональд Трамппен келіссөздері барысында Қазақстан мен АҚШ-тың 21 ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық серіктестігі жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты.

"Келісілген мәселелер өз ретімен шешіліп келеді. Екі мемлекет арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан ары нығайту мәселелері АҚШ сауда министрі Уилбер Росстың Қазақстанға жақындағы сапары барысында егжей-тегжейлі қарастырылды", - деді елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия өңірі Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарында маңызды рөл атқаратындығын да баса айтты.

"Біздің тығыз ынтымақтастығымыз  елдеріміздің экономикалық әл-ауқатын арттыруға, өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға,  сондай-ақ тарихи және мәдени байланыстарды одан әрі дамытуға барынша мүмкіндік береді", - деді мемлекет басшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу