Ақпанда іскерлік белсенділік индексі жақсарды

1125

Аймақтар бойынша 9 өңірде көрсеткіш нашарлаған.

Ақпанда іскерлік белсенділік индексі жақсарды

Бұл туралы ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаменті директорының орынбасары Денис Чернявский түсініктеме берді, деп жазды inbusiness.kz.

"Бағалаудың нәтижесі бойынша, іскерлік белсенділік индексі ақпан айында жоғарылап, 50,6 (қаңтарда – 50,0) болды. Индекстің жоғарылауы – қызмет көрсету секторындағы көрсеткіштің 50,6-ға дейін көтерілуімен байланысты (қаңтарда – 49,4). Өнеркәсіп пен құрылыста индекстердің мәні айтарлықтай өзгермей, сәйкесінше 51,4 және 46,0 құрады (қаңтарда – 51,8 және 45,7)", – деп жазылған түсініктемеде. 

Аймақтар бойынша ақпанда 8 өңірде іскерлік белсенділік жақсарып, 9 өңірде нашарлағаны байқалды. Іскерлік белсенділіктің неғұрлым жоғары деңгейі Түркістан облысы (56,2) мен Шымкент қаласында (53,7), төмен деңгейі Жамбыл облысы (44,7) мен Алматы қаласында (45,7) тіркелді.

"2022 жылдың ақпан айында кәсіпорындар бүгінгі бизнес-жағдайды жалпылай теріс бағалады. Алайда бағалау өткен айға қарағанда жақсырақ болды. Оң және кері бағалардың айырмасы бойынша жауаптар теңгерімі қаңтардағы (-)2,3 тен (-)1,4 дейін көтерілді", – деп жазылған Ұлттық банк таратқан хабарламада. 

2022 жылғы ақпанда сауалнамаға 465 кәсіпорын қатысты: құрылыс саласынан – 71, өнеркәсіп бойынша – 177, қызмет көрсету секторынан – 217 мекеме бар.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу