АКРА Қазақстанның қаржы институттарына оң баға берді

867

Бағалау экономикалық өсу әлеуеті, құрылымдық, экономикалық және монетарлық саясаттың тиімділігі, борыштық орнықтылық сынды факторларға сәйкес жүргізілді. 

АКРА Қазақстанның қаржы институттарына оң баға берді

Ресейдің Аналитикалық кредиттік рейтинг агенттігі (АКРА) Қазақстанның несиелік рейтингі бойынша болжамын "терістен"  "тұрақтыға" өзгертті. Бұған себеп 2020 жылы сыртқы және ішкі тосқауылдарға қарамастан еліміздің экономикалық тұрақтылығын сақтап қалуы, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі Премьер-министрдің ақпараттық ресурсына сілтеме жасап. 

"2020 жылы Қазақстан экономикасының өсу қарқыны -2,6%-ды құрады, бұл дамыған елдермен (-5,4%) салыстырғанда да, дамушы елдермен (-5%) салыстырғанда да айтарлықтай тұрақты көрсеткіш болып отыр. АКРА 2021 жылы экономикалық өсімнің 3,8%-ға дейін қалпына келуін күтуде. 2021 жылы АКРА инфляцияның нысаналы дәліз шеңберіне қайта оралуын күтуде (4-6%). Бұл ұлттық валютаға қысымның және 2020 жылғы инфляциялық соққы әсерінің  төмендеуіне байланысты болады. Өткен жылы теңгенің АҚШ долларына қатысты құнсыздануы орта есеппен 8%-ды құрады және ол өткен дағдарыс кезінде тіркелген деңгейден едәуір төмен болды (2016 жылы - 54%)", – деп жазылған хабарламада. 

Агенттік 2020 жылдың аяғында еліміздің мемлекеттік қарызының ЖІӨ-нің 24,5%-ына дейін өсуін қалыпты ретінде бағалайған. Сонымен қатар 2021 жылы мемлекеттік борыш деңгейі бюджет тапшылығының төмендеуі және экономиканың қалпына келуі жағдайында тұрақты болып қала береді деп болжады.

"Мемлекеттік қарыздың тұрақты және орташа деңгейі Қазақстанға болашақта контрциклді бюджеттік саясатты қолдануға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Қазақстан экономикасының сыртқы шоктарға тұрақты әрекет етуіне алып келеді", - деп жазылған хабарламада. 

Бұған қоса АКРА еліміздің қоғамдық институттары мен мемлекеттік институттарында оң өзгерістер барын хабарлады. Оның ішінде Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңес және Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігін құрудың маңыздылығын атап өткен. 

Еске сала кетсек, АКРА 2015 жылдың 20 қарашасында Мәскеуде Ресей Банкінің шешімімен құрылған агенттік. Оның акционерлері — 27 ресейлік компания және қаржы институттары. Атап айтқанда: "Райффайзенбанк", "Сбербанк", "Альфа-Банк", "Газпромбанк", "Московская Биржа ММВБ-РТС". 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу