Бұл туралы inbusiness.kz сайты ABC News-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Аризона штатында Bombardier Learjet 35A ұшағы Скоттсдейл әуежайына қонғаннан кейін ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, жеке аумақта тұрған Gulfstream 200 бизнес ұшағына соғылған.
Ұшақтың Техас штатының Остин қаласынан ұшып келе жатқаны белгілі болды. Алдын ала ақпарат бойынша Bombardier Learjet 35A ұшағының сол жақ негізгі шассиі қону кезінде істен шыққан.
Соққыдан бір адам қаза тапса, екеуі ауыр халде жергілікті травматологиялық орталыққа жеткізілген. Үшінші жолаушы жергілікті ауруханаға жатқызылса, төртіншісі емдеуден бас тартқан.
Билік апат кезінде тоқтап тұрған ұшақтың бортында жолаушылар болмағанын хабарлап отыр.
Әуелгіде Аризона штатының Марикопа округінде орналасқан әуежай жұмысын тоқтатқан. Бірақ, оқиғадан кейін шамамен алты сағаттан кейін рейстер қайта жалғасты.
Аталған жайтқа қатысты тергеу Ұлттық көлік қауіпсіздігі басқармасына тапсырылған.