АҚШ ресми Бішкектен Ауғанстандағы әскери күштерін Қырғызстанға орналастыруды сұрады, деп хабарлайды Inbusiness.kz Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаевтың "РИА Новости" агенттігіне берген сұхбатына сілтеме жасап.
Бірақ министр мұндай форматтағы ынтымақтастық әзірге көзделіп отырған жоқ деді. Қазақбаев Қырғызстанда АҚШ әскерін орналастыру мәселесі бойынша түрлі үндеулер, түрлі деңгейдегі талқылаулар болғанын жариялады. Ол Қырғызстанның 2001-2009 жылдары антитеррористік коалиция күштерін орналастыруға рұқсат беріп, "Манас" әуежайының базасында НАТО-ның әскери күштерін орналастырғанын еске салды.
Бұған дейін The Wall Street Journal Кремль мен Ақ үйдегі ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, Ресей президенті Владимир Путин АҚШ әскерінің Орта Азия елдерінде орналастырылуына қарсы екенін хабарлады. Бұл позициясын ол АҚШ президенті Джо Байденмен Женевада кездескен кезде білдірген көрінеді. Басылымның мәліметінше, Ресей басшысының позициясы АҚШ әуе күштерінің әуе базаларын Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстанда орналастыруға кедергі болған.
Табиғат Нұрболат