Бұл туралы DW ақпарат агенттігіне сілтеме жасап inbusiness.kz сайты хабарлайды.
Осылайша, АҚШ бай және ел азаматтығын алуға ниет етіп жүргендерге "алтын карталарды" сатуды бастамақ.
АҚШ президенті Дональд Трамп "алтын картаның" құны шамамен 5 млн АҚШ долларын құрайтынын айтып отыр.
– Біз алтын картаны сатпақпыз. Сізде жасыл карта бар. Ал бұл – алтын карта. Біз бұл картаны шамамен 5 млн долларға бағалаймыз және ол сізге жасыл картаның артықшылықтарын береді, сонымен қатар ол азаматтық алуға жол салады. Дәулетті адамдар осы картаны сатып алып, елімізге келеді, – деп сөзін нақтылады Трамп.
АҚШ-тың Сауда министрі Ховард Лютниктің сөзінше, алтын карта үкіметтің EB-5 иммиграциялық виза бағдарламасын алмастырады. АҚШ президенті алтын карталарды сату екі аптадан кейін басталуы мүмкін екенін жеткізген. "Құқықтық тұрғыдан алғанда, бұл – заңды" деп қоса кетті ол. Трамп миллиондаған картаның сатылатынына да бек сенімді.