АҚШ: Бала туу үшін елге келетіндерге виза берілмейді

1417

Мемлекеттік департамент басқа елдерден келетін екі қабатты әйелдерге виза беруге қатысты жаңа ережені таныстырды.

АҚШ: Бала туу үшін елге келетіндерге виза берілмейді

Вашингтон "birth tourism" түбіріне балта шаппақшы. Қазақшалап айтқанда, ол "босану туризмі" деп аталады. Яғни шетелдік әйелдер Құрама Штаттарға босану үшін арнайы келіп, елде туылған бала автоматты түрде АҚШ азаматтығына ие болатын "құбылыс" осылай аталады.

Елдің Мемлекеттік департаменті бұған қатысты арнайы жаңа ереже қабылдап отыр. Енді тек осы мақсатта елге келем деушілердің жоспары жүзеге аспайтын болды.

"АҚШ-қа тек баласына АҚШ азаматтығын алып беру мақсатында арнайы босануға келем дейтіндерге "B" типті иммиграциялық емес визаның берілуіне жол берілмейді", – делінген құжатта.

Жаңа ереже бойынша, консулдық қызметкерлер В санатты визаға өтініш берушінің мақсаты болашақ баласын америкалыққа айналдыру екенін байқаса, оларды елге өткізбей тастайды. Өз кезегінде визаға өтініш беруші мұндай күдікті жоққа шығару үшін консулдық қызметкерге сапарының басқа мақсатта жасалатынын айғақтайтын құжатты көрсетуге тиіс.

Дегенмен жүктілік кезінде пайда болған асқынуларды тек АҚШ-та ғана белгілі медициналық қызмет көрсету арқылы емдеуге болатынын дәлелдегендерге виза беріледі.

Жергілікті биліктің айтуынша, мұндай шара қылмыстық әрекеттің жолын кесу, қоғамдық, ұлттық қауіпсіздікті және АҚШ-тың көші-қон жүйесінің тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу