Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп One America News телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Болжам бойынша біржылдық табыс 1 трлн доллардан асып жығылуы мүмкін.
Ақ үй басшысы түскен қаражатты мемлекет қарызын жабуға жұмсауды көздейді. Себебі, елдің мемлекеттік қарызы 37,86 трлн доллардан асты. Бұдан бөлек баж салығынан түскен кіріс америкалықтарға берілуі мүмкін екені де айтылды.
"Біз қаражатты адамдарға бөліп бере бастауымыз мүмкін. Ол 1000-2000 доллар болуы мүмкін", – дейді Трамп.
Айта кетейік, Трамп әкімшілігі биыл сәуірде бүкіл импорт тауарға 10% баж салығын салып, одан соң жекелеген елдерге 20-50% аралығындағы жоғары тарифтерді енгізді. Қазақстан тауарына белгіленген тариф 25% болып қалды.
Экономистердің сөзінше, АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстан тауарларына енгізген 25% баж салығы еліміздің экономикасына айтарлықтай әсер етпейді. АҚШ-қа экспортталатын негізгі тауарлар – мұнай, уран, күміс және ферроқорытпалар бұл тарифтен босатылған. Демек, баж салығы Қазақстан экспортының 5%-ына, яғни 100 млн долларға ғана әсер етеді. Десе де, екі ел арасындағы сауда-саттық төмендеуі мүмкін екенін айтты.