АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияны басып алу үшін әскери күш қолдану мүмкіндігін жоққа шығармады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты INTERFAX-қа сілтеме жасап.
Бұл туралы Ақ үй басшысы NBC арнасына берген сұхбатында айтқан.
"Мен бұны жасаймын деп айтып отырған жоқпын, бірақ бұл нұсқаны да жоққа шығармаймын", - деді Трамп.
Сөзінше, Гренландия АҚШ-қа ауадай қажет.
"Гренландия халқының саны аз. Біз оларды қамқорлығымызға алып, оларға жақсы қарай аламыз. Бірақ бұл бізге халықаралық қауіпсіздік үшін қажет", - деді АҚШ президенті.
Президент болғалы бері Трамп бірнеше рет Гренландияны АҚШ-қа қосу туралы ойын білдірген болатын. Бұл бастама арал тұрғындары мен дүние жүзіндегі дипломатиялық қауымдастық тарапынан сынға ұшырады.
Айта кету керек, бұған дейін АҚШ Президенті Трамп Панама каналын басып алуға уәде беріп, Даниядан Гренландияны сатып алуға шақырып, Канаданы АҚШ-тың 51-ші штатына айналдыру ниетін байқатты.