Вашингтон сотпен жасалатын кейбір мәмілелерге тыйым салып, оның ресурстарына қол жеткізуді шектеуді және жұмысына кедергі келтіруді көздеп отыр.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың мәлімдеуінше, санкциялар 6 айдан кейін күшіне енуі тиіс.
Вашингтон бұл шешімді халықаралық соттың АҚШ азаматтарын, әскери қызметкерлері мен саяси көшбасшыларын қудалауына жол бермеу қажеттігімен түсіндірді. АҚШ Рим статутына қосылмаған және Халықаралық қылмыстық соттың америкалық азаматтарға қатысты юрисдикциясын мойындамайды.
Вашингтон мен сот арасындағы қайшылық Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға қамауға алу туралы ордер берілгеннен кейін күшейді. Халықаралық қылмыстық сот оны Газа секторындағы болжамды әскери қылмыстар мен адамзатқа қарсы қылмыстарға қатысы бар деп айыптап отыр. АҚШ бұған қоса Ауғанстандағы америкалық әскери қызметшілердің болжамды қылмыстарына қатысты тергеуге де қарсы.
АҚШ-тың бұл шешіміне жауап ретінде Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия, Нидерланд, Дания, Канада және Жапония Халықаралық қылмыстық соттың тәуелсіздігі мен тұтастығын қолдайтын бірлескен мәлімдеме жасады.