Құрама Штаттар Иранға қатысты санкциялардың ауқымын кеңейтті. Бұл туралы америкалық басылымдар хабарлап жатыр. Нақтырақ айтқанда, шара Иранның бір, Қытайдың бір азаматына, БАӘ-нің бір, Қытайдың бес компаниясына байланысты шаралар қабылданатын болды.
"Басқарма ұлттық Иран мұнай компаниясының жүздеген миллион долларлық экспорт транзитіне қатысқан мұнай-химия және мұнай компанияларына қарсы санкциялар енгізеді. Иранның мұнай саласын Ислам революциясы күзет корпусы мен басқа да лаңкестік топтар қаржыландырып отыр. Бұл ирандық режимнің Таяу Шығыстағы зұлым әрекеттерін қаржыландыратын негізгі табыс көзі", – делінген АҚШ Қаржы министрлігі жариялаған құжатта.
Енді осы азаматтар мен компаниялардың Құрама Штаттардағы мүліктері мен қандай да бір меншіктері бұғатталады. Ал америкалық азаматтарға олармен серіктес болуға, жұмыс істеуге тыйым салынады.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 5 қарашасында Вашингтон Тегеранға қарсы санкцияларды қайта күшіне енгізген болатын. Ол кезде экономикалық жазаға 700-ге жуық банк, компания мен жеке тұлғалар ұшырап, ирандық мұнайдың экспорты шектелген болатын.
Табиғат Нұрболат