АҚШ Иранға медициналық көмек көрсетуге әзір екенін білдірді

614

Бірақ Тегеран Вашингтонның жәрдеміне мұқтаж еместігін жеткізді.

АҚШ Иранға медициналық көмек көрсетуге әзір екенін білдірді

Құрама Штаттардың билігі Иранға жаңа коронавирус індетімен күресте көмек қолын созуға дайын екенін жариялады. Яғни Вашингтон орайы келсе, Тегеранға жасанды жолмен желдету аппаратын жеткізуге қарсы еместігін білдірді. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлім етті.

"Егер де Иранға көмек керек болса не өздері соны қаласа, мен жәрдемдесуге дайынмын. Бізде қазір мыңдаған аппарат бар, жасалып жатқандары да жетерлік. Біз дайынбыз қолдау көрсетуге. Ол үшін Иран билігі бәрін ақылға салып бізбен келісімге келуі тиіс", – деді Трамп.

Еске сала кетсек, өткен аптада да Ақ үй басшысы осы аппараттарды Иранға беруге дайын екенін мәлімдеген болатын. Бірақ Иранның Сыртқы істер министрі америкалық президенттің ұсынысынан бас тартып, Тегеранның ешбір америкалық саясаткерден кеңес қабылдамайтынын алға тартқан болатын. Сонымен қатар ол өз сөзінде Трампты басқа елдердің істеріне араласпауға шақырды. 

Соңғы мәлімет бойынша, Иранда коронавирус жұқтырғандардың саны 82 мыңға жетіп, оның 5 мыңы қаза тапқан. Мамандар соңғы күндері бұл елде вирус жұқтыру фактілерінің азайғанын айтуда. 

Табиғат Нұрболат
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу