Мұндай шешімге ол Ирандағы экономикалық дағдарысқа наразы болған халықты қолдап, Тегеранға тегеурін таныту мақсатында барды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Осы сәттен бастап Иран Ислам Республикасымен бизнес жүргізетін кез келген ел АҚШ-пен жасалатын барлық коммерциялық операциялар үшін 25 пайыздық баж салығын төлейді. Бұл шешім түпкілікті және қайта қарауға жатпайды", – деп жазды Ақ үй басшысы 12 қаңтарда.
Дональд Трамптың айтуынша, бұл шара Иран үкіметіне қысым көрсету мақсатында қабылданған. Ақ үй басшысы биліктің ел ішіндегі наразылық акцияларын күшпен басып-жаншып отырғанын атап өтіп, бұған дейін наразылық білдірушілерге көмектесетінін мәлімдеген болатын.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Иранның негізгі сауда серіктестері қатарында Үндістан, Қытай және Түркия бар. Агенттік атап өткендей, Қытай өнімдеріне қосымша 25 пайыздық тариф енгізу Дональд Трамптың өткен жылдың соңында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен жасаған сауда "бітімін" бұзуы мүмкін.
Иранда жаппай толқулар желтоқсан айының соңынан бері жалғасып келеді. Наразылықтар бастапқыда риал бағамының күрт құлдырауы мен елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауынан туындаған. Кейбір қалаларда митингілер құқық қорғау органдарымен қақтығысқа ұласып, қолданыстағы саяси жүйеге қарсы ұрандармен қатар жүрген.