2017 жылы АҚШ билігі қазақстандықтардың "В" түріндегі (іскерлік және туристік сапарларға қажетті құжат) виза алуға берген өтініштерінің 32,81 пайызына мөр баспай қойды, деп хабарлайды abctv.kz.
АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің былтырғы статистикалық деректерімен салыстырсақ, биыл бұл көрсеткіш 5,26 пайызға артқан. Ал 10 жыл ішінде өтініштерді қабыл алмау пайызы екі жарым есеге ұлғайған. 2007 жылы әрбір оныншы қазақстандықтың (12,2%) өтінішіне теріс жауап келген.
Ашық дереккөздердің мәліметтеріне сүйенсек, 2017 жылы АҚШ-қа "В" түріндегі визадан бас тартудың негізгі себебі иммиграция және ұлт туралы заңның (The Immigration and Nationality Act) 214(b) бабы болып табылады. Бұл бап бойынша визаға өтініш беруші Штаттарда уақытша болып, кейін өз отанына қайтып оралатындығын дәлелдей алуы керек.