АҚШ Қазақстанның климат мәселелері бойынша қызметін қолдайды

933

Қазақстан мен АҚШ климаттың өзгеруімен күрес мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, АҚШ Арал теңізі проблемаларын шешуге, Қазақстанның көміртекті бейтараптыққа жету бастамасына, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолдау білдіруге ниетті.  

АҚШ Қазақстанның климат мәселелері бойынша қызметін қолдайды

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық әріптестік жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыханов пен  ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің АҚШ Президентінің климат жөніндегі арнайы өкілі Джон Керримен өткен  екіжақты онлайн  кездесуінде айтылды.

Қазақстан өкілдері көміртекті бейтараптыққа жету бойынша қабылданып жатқан шаралар, жаңа Экологиялық кодекстің нормалары жөнінде ақпарат берді. Сонымен қатар дәстүрлі энергетикалық ресурстардың мол екеніне қарамастан, Қазақстан Париж келісімінің мақсаттарына белсенді ұмтылып жатқанын атап өтті.

Бұдан бөлек, "жасыл" қаржыландыру жобалары аясында АҚШ-пен әріптестік аясын кеңейтуге қызығушылық танытылды.

Джон Керри Қазақстанның климаттың өзгеруі мәселелері бойынша қызметін жоғары бағалап, Президент Қ.Ж. Тоқаев өткен жылы желтоқсанда климаттық амбициялар Саммитінде айтқан мақсаттар мен міндеттерді атап өтті.

Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанның ТМД мемлекеттері арасында бірінші болып Париж келісімін ратификациялағанын және Орталық Азияда "жасыл экономиканы" дамыту бойынша көшбасшы екенін ескере отырып, елімізде климаттық сұрақтар бойынша Орталық Азияның Аймақтық хабын құру туралы ұсыныс білдірді.

"Хабтың қызметін аймақ елдерінің "жасыл экономикалық" өсімді қамтамасыз ету жолында күш біріктіруіне, "жасыл" технологиялар трансфертіне, білім алмасуға және  халықаралық институттар тарапынан қаржы тартуға бағыттауға болады", - деді ведомство басшысы.

Бұл тұрғыда АҚШ Президентінің Арнайы өкілі сутек өндірісінің дәстүрлі энергия көздеріне балама ретінде келешегі зор бағыт екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, Қазақстан тарапы осы күзде Түркістан қаласында C5+1-ке қатысушы елдердің  Экология министрлерінің кездесуін өткізу туралы бастама көтерді. Бұл бастаманы АҚШ тарапы қолдап, аймақтық диалог аясында жұмыс қарқынын арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Әңгіме барысында тараптар Арал теңізін қалпына келтіру тақырыбын және Қазақстан мен Орталық Азиядағы басқа да проблемаларды қозғады. Америкалық әріптестерге Қазақстанның инвестициялық әлеуеті туралы айтылып, геология, жасыл энергетика және жаңа технологиялар саласында бірге жүзеге асыруға болатын бірқатар жоба ұсынылды.

Ұсынылған бастамалар АҚШ тарапынан жақсы қабылданды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар аталған бағытта бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу