Америка Құрама Штаттарының әкімшілігі Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға тырысып жатыр, бірақ әзірге нақты кездесу өткізу туралы хабарландыру жарияланбады, деп хабарлайды Inbusiness.kz порталы Ақ үйдің ресми өкілі Джен Псакиге сілтеме жасап.
"Әрине, президент 10 ақпанда ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен сөйлесті. Біз өзара әрекеттесу мүмкіндігін іздестіріп жатырмыз. Бірақ әзірге кездесудің қашан және қалай өткізілетіні туралы нақты мағлұмат жоқ", – деді президенттің баспасөз хатшысы.
Бұған дейін Мемлекеттік департаменттің баспасөз қызметінің басшысы Нед Прайске брифинг барысында Аляскада кездесу бола ма деген сұрақ қойылған еді.
"Әзірге ондай кездесудің өтетіні жарияланбады, бірақ біз Қытаймен өзара әрекеттесу үшін не істеу керектігін білеміз, осы маңызды жұмыстың кейбір аспектілерін бастадық", – деп жауап берді ол.
Табиғат Нұрболат
Фото: voanews.com