АҚШ НАТО-ға бөлетін қаржысын азайтты

589

Ал, НАТО құрамындағы елдер қорғанысқа бөлетін қаржысын ұлғайтып жатыр.  

АҚШ НАТО-ға бөлетін қаржысын азайтты Фото: zerkalo.az

Қазір АҚШ-тың ұйымдағы міндетін қайта қарайтын "НАТО 3.0" тұжырымдамасы қызу талқылануда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "24KZ" телеарнасына сілтеме жасап.

Пентагон басшысы Пит Хегсет: "АҚШ Еуропаның қауіпсіздігін күзетіп отырмайды", – деп мәлімдеді.

Себебі, Ормуз бұғазындағы жағдай біраз мәселенің бетін ашқаны белгілі. Дональд Трамптың осы үшін НАТО-дағы одақтастарына өкпесі қара қазандай. Алдағы 10 жылда НАТО-ға мүше елдер өздерінің жалпы ішкі өнімінің 5 пайызын қорғанысқа жұмсауға тиіс.

Былтыр небәрі 2 пайызын жұмсау жөніндегі меже орындалды. Atlantic Council ұйымының қорғаныс шығындары туралы жүргізген есебіне сәйкес, Люксембург бір жыл ішінде ең жоғары пайыздық өсім көрсетті. Қорғаныс шығындарын 115 пайызға ұлғайтқан. Бельгия, Словения, Албания, Дания, Норвегия және Литва сияқты елдер бұл бағыттағы қадамдарын едәуір күшейткен. Алайда, Вашингтон үшін бұл жеткіліксіз.

АҚШ жалпы қорғаныс шығындары бойынша көш бастап тұрғанымен, шығындардың пайыздық өсімі бойынша небәрі 1 пайыз көрсеткішпен ең соңғы орында тұр.

АҚШ-тың қорғаныс шығындары 2020 жылғы ЖІӨ-нің 3,6%-ынан былтыр 3,2%-ға дейін төмендеді. Ал Канада мен Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 2020 жылы 1,7%-болса, 2025 жылы 2,3%-ға дейін өсті.

Өткен жылы Ұлыбритания қорғанысқа ЖІӨ-нің 2,3%-ын жұмсап, НАТО елдері арасында 14-орынға табан тіреді. Бұған қарамастан, АҚШ алпауыт держава ретінде НАТО-ның басты демеушісі болып қала береді. Былтыр АҚШ-тың қорғаныс шығындары 980 миллиард АҚШ долларына бағаланды. Бұл – Альянстың әскери бюджетінің 62%-ы.

Сарапшылардың пікірінше, Ақ үй Еуропадағы әскери жүктемені азайтып, ресурстарын басқа стратегиялық бағыттарға бағыттағысы келеді. Әсіресе Қытаймен бәсекелестік күшейген кезеңде АҚШ үшін Азия-Тынық мұхиты аймағы басымдыққа айналып барады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу