АҚШ пен Еуропа елдері бүкіл Ресейді емес, ондағы жеке банктер мен ұйымдарды SWIFT халықаралық төлем жүйесінен ажырату мәселесін талқылап жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы The Bell басылымына сілтеме жасап.
СNN телеарнасының мәліметінше, АҚШ Президенті Джо Байден мен оның көмекшілері Еуропаның экономикалық жағдайын ескере отырып, Ресейді SWIFT-тен ажырату қиын екенін, АҚШ тарапы біржақты әрекет ете алмайтынын бірнеше рет айтқан.
Дегенмен Вашингтон еуропалық әріптестерімен бірге ықтимал нұсқаларды мұқият ой елегінен өткізіп жатқанын жеткізді. Оның ішінде бүкіл Ресейді емес, ондағы нақты ресейлік банктер мен компанияларды халықаралық төлем жүйесінен ажырату нұсқасы бар.
Байден әкімшілігіндегі дереккөздің мәліметінше, егер Киев құласа, бұл жаңа санкциялар енгізуге мүмкіндік береді. Бұл Ресейді SWIFT-тен ажыратуды қамти ма, әлде мұндай шара ертерек қабылдануы мүмкін бе белгісіз. Германия ресми түрде SWIFT-тен "мақсатты" және "функционалды" ажыратуды жақтады.
Bloomberg бүгін SWIFT мәселесі күн тәртібінде қалатынын, Батысты елдері бұл мәселені байыппан қарайтынын хабарлады.
Reuters дерегінше, Еуроаймақтағы орталық банкінің басшыларының бірі Ресейді SWIFT-тан ажырату мәселесіне қатысты шешім бірнеше күнде қабылданатынын растады.