АҚШ пен Еуропаның шиеленісі: Ұлттық банк төрағасы әлемдік экономиканың қалай құбылатынына болжам жасады

Шиеленістің өсуі әлемдік сауда-саттық пен экономиканың бөлшектену процесіне жеткізеді. 

АҚШ пен Еуропаның шиеленісі: Ұлттық банк төрағасы әлемдік экономиканың қалай құбылатынына болжам жасады Фото: primeminister.kz

Тимур Сүлейменовтің сөзінше, жағдай ушықса, әлемдегі экономикалық белсенділік баяулауы ықтимал, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Сыртқы ортада инфляциялық қысымның әлсіреуі байқалды. Ол әлемдегі азық-түлік нарықтарындағы конъюнктураның жақсаруына байланысты. Азық-түліктің әлемдік бағасы әлі де жоғары деңгейде. Сиыр етінің бағасы әлемде екі мәнді қарқынмен өсіп келеді. Дәнді дақылдар бағасы екі ай бойы көтеріліп тұр. Ал, бидай бағасының шарықтауы Қара теңіз аймағындағы кедергілерге байланысты. Инфляция ірі сауда-серіктесіміз Ресейде қатаң ақша-кредит шарттарының сақталуынан баяулап келеді. Ол ішкі сұранысты шектеп, бағаның өсуін тоқтатуға әсер етеді. Еуроодақта инфляция қазірдің өзінде Еуропа орталық банкінің бағасы бойынша ортамерзімді перспективада нысаналы деңгейге жақын қалыптасуы тиіс, – деді Ұлттық банк төрағасы. 

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, АҚШ-та Федералды резервтік жүйе 2025 жылы жұмыспен қамту тәуекелдерінің басым болуына байланысты пайыздық мөлшерлемені біртіндеп төмендете бастаған.

– АҚШ пен Еуропа арасындағы сауда қарым-қатынасында жоғары геосаяси тәуекелдер сақталып отыр. Шиеленістің өсуі әлемдік сауда-саттық пен экономиканың бөлшектену процесіне жеткізуі мүмкін. Бұл бірте-бірте халықаралық экономикалық байланыстардың тұрақтылығын бұзып, сыртқы инфляциялық жағдайдың нашарлауына алып келуі ықтимал. АҚШ пен Еуропа арасындағы қарым-қатынас шиеленіске жететін болса, әлемдегі экономикалық белсенділік баяулау, оның ішінде шикізат тауарларына, әсіресе, мұнайға сұраныс төмендеп, жалпы энергия көздерінің бағасына әсер етуі мүмкін. Қазір Brent маркалы мұнай бағасы базалық сценарийге сәйкес, – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу