Құжатта Ресейге қарсы санкцияларды, нақтылағанда мұнай-газ секторына қатысты шектеулерді күшейту көзделгені айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сонымен қатар, Украинаға алыс қашықтыққа соққы беретін қару-жарақ пен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін жеткізу көлемін ұлғайту туралы келісімге қол жеткізілген.
Саммит барысында АҚШ президенті мен оның еуропалық одақтастары соңғы айларда туындаған келіспеушіліктерге қарамастан ұстанымдарын қайта жақындата түсті. Бұған дейін Иранмен қақтығыс аясында Ақ үй Еуропаны "АҚШ-қа жеткілікті қолдау көрсетпеді" деп сынаған болатын.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер мен Канада премьер-министрі Марк Карни Ресейдің "көлеңкелі флотына" және қорғаныс өнеркәсібіне қарсы жаңа санкциялар енгізілетінін мәлімдеді.
Карнидің сөзінше, Канаданың санкциялық тізіміне тағы 162 компания, кеме және жеке тұлға енгізілген. Ал Ұлыбритания қабылдайтын шектеулер Ресей армиясының Батыс технологияларын сатып алуына тосқауыл қоюға бағытталған.
Өз кезегінде Трамп Иранға қатысты жағдайға байланысты уақытша жеңілдетілген Ресей мұнай экспортына қарсы америкалық санкцияларды қайта енгізуі мүмкін екенін ескертті.
– Менің бұған араласуымның жалғыз себебі ай сайын ондаған мың емес, 25 000 жас адамның қаза тапқанын көргім келмейді. Бұл – ақылға сыймайтын жағдай. Сондықтан қолымнан келгеннің бәрін жасаймын, – деді АҚШ президенті.
Саммит барысында мемлекет басшылары дәстүрлі ортақ фотоға түсті. Ал ресми кездесулер аяқталғаннан кейін қатысушылар Версаль сарайында ұйымдастырылған салтанатты кешкі асқа шақырылды.